«Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы аясында, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжімен жасалған бірлескен жоспарға сәйкес балабақшаның мектепалды тобының тәрбиеленушілеріне колледжге танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру, түрлі мамандықтар туралы түсініктерін кеңейту, кенші мамандығының маңыздылығын ұғындыру және ерте жастан кәсіптік бағдар беру.
Балаларды колледж басшысы Б.К. Молдашева жылы қарсы алып, Хромтау қаласы, шахта және шахтерлер мамандығы туралы әңгімеледі. Балалармен сұхбат жүргізіп, олардың қала, кен өндірісі және мамандықтар туралы білімдерін анықтады. Өз кезегінде тәрбиеленушілер мамандықтар туралы тақпақтарын мәнерлеп айтып, өз өнерлерін көрсетті.
Кездесу барысында колледж студенттері балаларды зертханалық жұмыстармен таныстырып, хром өндіру және ұнтақтау үдерістеріне қатысты тәжірибелерін көрсетті. Бұл балалардың өндіріс саласына деген қызығушылығын оятып, пайдалы қазбаларды өндіру туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, заманауи 3D технологиясының көмегімен балалар шахтаға виртуалды саяхат жасап, кеншілердің жұмыс ортасымен танысты. Бұл тәжірибе балалардың танымдық белсенділігін арттырып, жаңа технологиялар арқылы білім алуына жағдай жасады.
Шараның шығармашылық бөлімінде балалар топтарға бөлініп, мамандықтар тақырыбында суреттер салды. Әр топ өз жұмысын таныстырып, қорғады. Балалар өз ойларын жеткізіп, мамандықтардың қоғамдағы маңызы туралы түсініктерін ортаға салды.
Іс-шара соңында колледж атынан барлық тәрбиеленушілерге белсенді қатысқаны үшін мадақтамалар табысталды.
Ұйымдастырылған танымдық экскурсия балалардың еңбек әлемі туралы түсініктерін кеңейтіп, кенші мамандығына деген қызығушылықтарын арттырды. Колледж студенттерімен тікелей қарым-қатынас жасау, тәжірибелік жұмыстарды бақылау және 3D технологиясы арқылы виртуалды саяхатқа қатысу балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Аталған шара балабақша мен колледж арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасының міндеттерін жүзеге асыруға үлес қосты.
https://hrom-akbota.edugov.kz/kz/erte-zhastan-k-sipke-baulu.html#sigFreeIdc817e13ed1






